2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың жаңартылған қағидалары күшіне енеді. Өзгерістер Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 19 желтоқсандағы № 791 бұйрығымен бекітілген және әлеуетті жеткізушілердің қаржылық есептілігіне қойылатын талаптарды қоса алғанда, бірқатар мәселелерді қамтиды.
Жаңа қағидаларға сәйкес, мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне қатысу кезінде алдыңғы есепті жылдың алдындағы кемінде үш жыл үшін аудиторлық тексеруден өткен жылдық қаржылық есептілік ескеріледі.
Аталған қаржылық есептілікке аудит сыртқы сапаны бақылаудан өткен және заңнамада белгіленген бағалауды алған аудиторлық ұйымдармен ғана жүргізілуі тиіс.
Сондай-ақ аудиторлық тексеруден өткен қаржылық есептілікті Қаржылық есептілік депозитарийіне орналастыру мерзімдері нақтыланды – 30 қыркүйектен кешіктірмей.
2022-2024 жылдардағы қаржылық есептілік үшін өтпелі кезең көзделген: оларды 2026 жылғы 15 сәуірге дейін орналастыруға жол беріледі, ал мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде мұндай деректер 2026 жылғы 1 мамырдан бастап ескерілетін болады.












