2025 жылғы 15 шілдедегі №208-VIII ҚР Заңымен қолданыстағы Салық кодексіне енгізілген бірқатар өзгерістер мен толықтырулар 2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап күшіне енді:

  • Интернет-платформа операторлары салық агенттері ретінде танылды

Интернет-платформа операторларының міндеттері толықтырылды:

Егер көрсетілген қызметтер мен орындалған жұмыстар үшін төлемдер интернет-платформа арқылы жүргізілмесе, операторлар уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімде интернет-платформада тіркелген, тапсырыс берушілерге қызмет көрсететін немесе жұмыс атқаратын тұлғалар туралы деректерді салық органдарына беруге міндетті.

  • Екінші деңгейдегі банктер салық органдарына мәлімет беруге міндеттелді

Екінші деңгейдегі банктер декларация тапсыруға міндетті жеке тұлғалар туралы салық органдарына мынадай мәліметтерді беруге тиіс:

  • банктік шоттардың болуы және нөмірлері, сондай-ақ олардағы қалдықтар туралы;
  • күнтізбелік жыл ішінде құны 20 000 АЕК-тен асатын мүлік сатып алуға байланысты банктік шоттардағы ақша қозғалысы туралы.
  • Салық органдарына биометриялық сәйкестендіруді қолдануға рұқсат етілді

Салық органдарына салықтық әкімшілендіру барысында өздерінің ақпараттық жүйелерінде биометриялық сәйкестендіруді қолдануға рұқсат етіледі.

  • Акцизделетін тауарларды бақылаудың жаңа талабы

Міндетті таңбалануға жататын тауарларды бөлшек саудада сату кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-кассалық машиналар арқылы операциялар тек тауарға қойылған сәйкестендіру құралдарын сканерлеу арқылы жүзеге асырылады.

  • Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша түзетулер

Пәтер (бейрезиденттік үй-жай) иелерінің кооперативтері коммерциялық емес ұйымдарға жатқызылды.

Көппәтерлі тұрғын үйдің мүлік иелері бірлестіктерін және пәтер (бейрезиденттік үй-жай) иелері кооперативтерін мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) үшін тіркеу алымы мен ставкалары енгізілді.

  • «Дропперлікке» қылмыстық жауапкершілік енгізілді

2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап ҚР Қылмыстық кодексіне 232-1-бап енгізілді: «Банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қол жеткізуді заңсыз беру, өткізу және алу, сондай-ақ төлемдер мен ақша аударымдарын заңсыз жүргізу». Мұндай құқықбұзушыларға айыппұл немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

  • Жеке практикамен айналысатын тұлғалардың ЖТС төлеу мерзімі өзгерді

2025 жылғы 15 шілдедегі №208-VIII ҚР Заңы 2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі. Тиісінше, жеке практикамен айналысатын тұлғалардың алғашқы ЖТС төлеу мерзімі – 2025 жылғы 5 қазаннан кешіктірілмейді.

  • ЖК тіркеудің жаңа талаптары

2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап жылдық табысы 360 АЕК-тен асатын жеке тұлғалар жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуге жатады. Бұған дейін шек ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшері болатын.

Uchet.kz материалдары негізінде