2025 жылғы 28 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрығы күшіне енеді. Бұл құжат заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларына өзгерістер енгізеді.
Енді шағын және орта бизнеске жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу кезінде шетелдік құрылтайшылар қосымша құжат тапсыруы қажет. Атап айтқанда, сауда тізілімінен заңдастырылған үзіндінің көшірмесі немесе құрылтайшының өз елінің заңнамасы бойынша заңды тұлға екенін растайтын өзге заңдастырылған құжат ұсынылуы тиіс. Құжат қазақ және орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармамен бірге беріледі.












