Қазақстан Үкіметі Қазақстан Республикасына иммигранттардың келу және болу, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан кету қағидаларының жаңа редакциясын бекітті. 2026 жылғы 10 қазандағы қаулыда елге кіруге электрондық рұқсат енгізу көзделген. Оны рәсімдеу 2026 жылғы қарашадан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Елге кіруге электрондық рұқсатты кімдер рәсімдеуге тиіс?
Елге кіруге электрондық рұқсатты Қағидалардың 24-тармағында көрсетілген елдердің азаматтары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің және Қазақстан визасыз сапарлар туралы халықаралық шарттар жасасқан елдердің азаматтары рәсімдеуге тиіс.
Қағидалардың 24-тармағында Австралия, Америка Құрама Штаттары, Австрия, Бахрейн, Бельгия, Болгария, Біріккен Араб Әмірліктері, Ватикан, Вьетнам, Германия, Грекия, Дания, Жаңа Зеландия, Жапония, Израиль, Ирландия, Исландия, Испания, Индонезия, Италия, Канада, Катар, Кипр, Колумбия, Корея Республикасы, Кувейт, Латвия, Литва, Лихтенштейн, Люксембург, Венгрия, Малайзия, Мальта, Мексика, Монако, Нидерланд, Норвегия, Оман, Польша, Португалия, Румыния, Сауд Арабиясы, Сингапур, Словакия, Словения, Таиланд, Ұлыбритания, Филиппин, Финляндия, Франция, Хорватия, Чехия, Чили, Швейцария, Швеция және Эстония көрсетілген.
Иран, Үндістан және Түркия азаматтары үшін визасыз кірудің жеке шарттары белгіленген. Иран мен Үндістан азаматтары Қазақстанда бір сапар барысында 14 күнтізбелік күнге дейін, ал әрбір 180 күндік кезең ішінде жиынтығы 42 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде бола алады. Түркия азаматтарына әрбір 180 күндік кезең ішінде 90 күнтізбелік күнге дейін болуға рұқсат етіледі.
Талаптар мен кіру шарттарының толық тізбесі Қағидаларда белгіленген (қаулының ресми мәтіні).
Рәсімдеу тәртібі мен мерзімдері
Елге кіруге электрондық рұқсатты ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу бойынша ішкі істер органдары QazETA цифрлық платформасы арқылы береді. Қызмет тегін көрсетіледі.
Өтініш жоспарланған кіру күнінен кемінде 72 сағат бұрын берілуге тиіс. Өтініш беру кезінде шетел азаматы сәйкестендіруден немесе аутентификациядан өтуі қажет.
Рұқсат 180 күнтізбелік күн бойы жарамды болады. Мемлекеттік шекарадан өту кезінде шетел азаматы өтініш беру үшін пайдаланған жарамды паспортын немесе жеке басын куәландыратын өзге де құжатын көрсетуге тиіс. Шекара қызметінің қызметкерлері рұқсаттың бар-жоғын «Бүркіт» бірыңғай цифрлық жүйесі арқылы тексереді.
Жаңа талаптар қашан күшіне енеді?
Елге кіруге электрондық рұқсат беру жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі:
- 2026 жылғы 1 қарашадан бастап: Ақтау халықаралық әуежайында және төрт автомобиль өткізу пунктінде: Үрлітөбе, Аухатты, Атамекен және Нұрлы Жол.
- 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап: Астана және Алматы қалаларының халықаралық әуежайларында.
- 2027 жылғы 1 наурыздан бастап: мемлекеттік шекарадағы қалған барлық өткізу пункттерінде.
- 2027 жылғы 1 шілдеден бастап: елге кіруге электрондық рұқсат міндетті болады. Оның болмауы Қазақстанға кіруден бас тартуға негіз болады.
Жүйені енгізудің бастапқы кезеңдерінде рұқсаттың болмауы өздігінен елге кіруден бас тартуға негіз болмайды. Оның орнына шетел азаматтарына рұқсат алу қажеттілігі түсіндіріледі.
Кімдер рұқсат алудан босатылады?
Қағидаларда бірқатар ерекшелік көзделген. Тиісті растайтын құжаттар болған жағдайда елге кіруге электрондық рұқсат мына тұлғалардан талап етілмейді:
- 16 жасқа толмаған және 65 жасқа толған немесе одан асқан тұлғалардан;
- Қазақстанның қолданыстағы визасы, уақытша тұруға рұқсаты немесе тұруға ықтиярхаты бар шетел азаматтарынан;
- Қағидаларда көзделген жағдайларда дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерінен;
- шет мемлекеттердің, үкіметтердің және халықаралық ұйымдардың басшыларынан, ресми делегациялардың мүшелерінен және Қағидаларда көрсетілген басқа да санаттағы тұлғалардан;
- Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өтпейтін транзиттік жолаушылардан;
- әуе, теңіз және өзен кемелерінің экипаж мүшелерінен, сондай-ақ пойыз бригадаларының мүшелерінен;
- белгіленген талаптарды сақтай отырып, халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын жүк көліктері мен автобустардың жүргізушілерінен.
Рұқсат алудан босатылатын тұлғалардың толық тізбесі және ерекшеліктерді қолдану шарттары Қағидаларда белгіленген (қаулының ресми мәтіні).
Электрондық рұқсат беруден қашан бас тартылуы мүмкін?
Электрондық рұқсат беруден Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 48-бабында көзделген негіздер бойынша бас тартылуы мүмкін.
Заңда көзделген елге кіруден бас тарту негіздері туындаған, уақытша болу мерзімін қысқарту немесе әкімшілік жолмен шығарып жіберу туралы шешім қабылданған, не құжат белгіленген қағидаларды бұза отырып ресімделген жағдайда рұқсаттың күші де жойылуы мүмкін.
Бас тарту немесе рұқсаттың күшін жою туралы хабарлама шетел азаматына цифрлық платформа арқылы жіберіледі.
Басқа да ережелер
Қағидалардың жаңа редакциясында шетел азаматтарының Қазақстанда болу мерзімдері, уақытша тұруға рұқсатты рәсімдеу тәртібі және қабылдаушы тараптардың міндеттері де реттелген. Атап айтқанда, қабылдаушы тарап шетел азаматы келген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ішкі істер органдарына хабарлауға тиіс. Шетел азаматының уақытша тұратын жері өзгерген жағдайда да осындай мерзімде хабарлау қажет.
Қаулы 2026 жылғы 24 қазанда күшіне енеді.
Қазақстанға шетелдік мамандарды немесе іскерлік серіктестерді шақыратын шетел азаматтары мен ұйымдарға жаңа талаптарды ескеріп, елге кіруге электрондық рұқсат алу қажеттілігін алдын ала тексеру ұсынылады.
Zakon.kz материалдары негізінде дайындалды.











