2026 жылы Astana Hub қатысушылары алғаш рет кең ауқымда «Astana Hub» автономды кластерлік қоры қағидаларының 33-тармағы талаптарына сәйкестігін растау қажеттілігіне тап болды. Көптеген компаниялар үшін бұл жаңа рәсім болса, аудиторлар үшін жаңа талаптарды қолданудың алғашқы тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Осы жыл ішінде Moore Kazakhstan командасы IT-платформалар, SaaS өнімдері, қаржылық мониторинг жүйелері, цифрлық сервистер, корпоративтік ақпараттық жүйелер және тапсырыс бойынша бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу жобалары сияқты ақпараттық технологиялар саласының түрлі бағыттарында жұмыс істейтін Astana Hub қатысушылары үшін келісілген рәсімдер бойынша бірқатар тапсырмаларды орындады. Бизнестің әртүрлі модельдеріне қарамастан, тәжірибеде кездескен көптеген мәселелер барлық компаниялар үшін дерлік ортақ болды.
Біздің алғашқы байқауларымыздың бірі – көптеген шарттар бастапқыда Astana Hub талаптарына сәйкестікті растау мақсатында емес, тараптар арасындағы коммерциялық қатынастарды реттеу үшін жасалған. Соның салдарынан шарттардың мәнінде көбіне «қызмет көрсету», «ақпараттық қызметтер», «білім беру қызметтері», «техникалық қолдау», «сүйемелдеу» сияқты жалпы сипаттағы тұжырымдар қолданылады. Алайда іс жүзінде компаниялар өздерінің бағдарламалық өнімдеріне қолжетімділік береді, олардың функционалын жетілдіреді, бағдарламалық қамтамасыз етуді модификациялайды немесе бағдарламалық өнімдерді пайдалану лицензияларын ұсынады. Компания үшін мұндай айырмашылық маңызды болып көрінбеуі мүмкін. Дегенмен, дәл осы шарт есепті пайдаланушыға табыстың қалай қалыптасқанын және оның басым ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қызметімен қаншалықты байланысты екенін түсінуге мүмкіндік беретін негізгі құжаттардың бірі болып табылады.
Тағы бір маңызды байқау Astana Hub қатысушылары қолданатын бизнес-модельдердің алуан түрлілігі болды. Орындалған жобалар барысында біз:
- меншікті бағдарламалық өнімдерге лицензия беретін;
- бағдарламалық қамтамасыз етуді SaaS моделі бойынша ұсынатын;
- тапсырыс берушінің техникалық тапсырмасы негізінде бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлейтін;
- бұрын жасалған бағдарламалық өнімдерді сүйемелдеп, жетілдіретін;
- осы модельдердің бірнешеуін қатар қолданатын компанияларды кездестірдік.
Бір компанияның өзі меншікті бағдарламалық өнімнің құқық иесі бола отырып, тапсырыс берушілер үшін жаңа бағдарламалық шешімдерді әзірлеуімен қатар, бұрын әзірленген өнімдерді енгізу, интеграциялау және техникалық қолдау қызметтерін қатар көрсетуі мүмкін. Мұндай икемділік қазіргі IT-индустрияның табиғи ерекшелігі болғанымен, Astana Hub талаптарына сәйкестікті растау кезінде ақпаратты неғұрлым толық ашуды талап етеді.
Тәжірибе мазмұны жағынан ұқсас болып көрінетін шарттардың құқықтық табиғаты әртүрлі болуы мүмкін екенін де көрсетті. Кейбір жағдайларда компания табысты өзінің зияткерлік меншік объектісін пайдаланудан алады. Басқа жағдайларда табыс бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу немесе модификациялау қызметтерінен қалыптасады. Көптеген шарттарда бағдарламалық өнімді пайдалану лицензиясын беру, енгізу, пайдаланушыларды оқыту, техникалық қолдау, кейінгі сүйемелдеу және жаңа функционалды әзірлеу бір уақытта көзделген. Сондықтан мұндай шарттарды талдау олардың атауы немесе мәнімен ғана шектелмеуі тиіс. Дұрыс құқықтық бағалау беру үшін шарт талаптарының жиынтығын, нақты орындалған жұмыстардың мазмұнын, зияткерлік меншік объектілерінің болуын және компанияның нақты бизнес-моделін ескеру қажет.
Алғашқы жылдың тағы бір ерекшелігі – қажетті ақпараттың барлығы бірдей шарттардың өзінде көрсетілмегендігі болды. Көптеген компаниялар пайдаланылатын бағдарламалық өнімдер, айрықша мүліктік құқықтардың тиесілігі, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу ерекшеліктері, шарттарды белгілі бір санатқа жатқызу себептері және табыстың қалыптасу тәртібі туралы қосымша түсіндірмелер ұсынды. Біздің тәжірибеміз мұндай түсіндірмелер есептің ашықтығын едәуір арттырып, есепті пайдаланушыларға Astana Hub қатысушысының қызметінің мәнін дұрыс түсінуге мүмкіндік беретінін көрсетті.
Біздің пікірімізше, 33-тармақты қолданудың алғашқы жылы пайдаланушылар үшін келісілген рәсімдердің нәтижелері ғана емес, сонымен қатар ақпаратты бірізді әрі ашық түрде ұсынудың да маңызы зор екенін көрсетті. Шарттар тізілімі, электрондық шот-фактуралар тізілімі, табыс құрылымының есептеулері және компанияның түсіндірмелері сияқты құрылымдалған қосымшалар тексерудің ашықтығын едәуір арттырып, шарттар, қызмет түрлері және алынған табыстар арасындағы өзара байланысты анық көруге мүмкіндік береді. Сол себепті орындалған жобалар барысында біз есепке қоса берілетін қосымшаларды әзірлеуге ерекше назар аудардық. Мұндай қосымшалар пайдаланушыға шарттарды жіктеу мен табысты бөлудің логикасын бастапқы құжаттардың үлкен көлемін зерделемей-ақ түсінуге мүмкіндік береді.
33-тармақты қолданудың алғашқы тәжірибесі Astana Hub қатысушылары қызметінің талаптарға сәйкестігін растау тетігінің өзектілігі мен қажеттілігін дәлелдеді. Сонымен қатар жинақталған тәжірибе есептерді дайындау мен ақпаратты ашудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру қажеттігін көрсетті. Біздің ойымызша, кәсіби қоғамдастық пен Astana Hub арасында келесі мәселелерді талқылау орынды болар еді:
- келісілген рәсімдер бойынша есептің ұсынылатын құрылымын әзірлеу;
- қосымшалардың ең төменгі құрамын және ашылуға тиіс ақпарат көлемін айқындау;
- бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалану мен қызмет көрсетуді қатар қамтитын аралас шарттарды сипаттаудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру;
- зияткерлік меншік объектілері мен оларға құқықтар туралы ақпаратты ашу жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу;
- табыстың ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы басым қызмет түрлерімен байланысын құжаттық растау бойынша практикалық ұсынымдар қалыптастыру.
Осындай бірыңғай тәсілдердің қалыптасуы тексеру нәтижелерінің салыстырмалылығын арттыруға, Astana Hub қатысушылары мен реттеуші үшін ашықтықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ ұсынылған есептерді қарау барысында туындайтын қосымша сұрақтардың санын азайтуға мүмкіндік береді.
Егер сізге Astana Hub талаптарына сәйкестікті тексеру қажет болса, біздің командаға хабарласыңыз
Сұрауыңызды өңдеу үшін, пішінді мүмкіндігінше толық толтырып, толтырылған сауалнаманы қоса беріңіз. Біз сізбен хабарласамыз.
Сауалнаманы жүктеп алыңыз:
Келісілген рәсімдер бойынша тапсырманы алдын ала жоспарлау сауалнамасы
"*" indicates required fields



