2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі күшіне енді, ол Astana Hub қатысушыларының корпоративтік табыс салығы бойынша жеңілдікті қолдану тәсілін өзгертті. Салық кодексінің 739–741-баптары кірістердің бірнеше санатын көздейді және олардың жекелеген түрлері үшін салықтық жеңілдікті қолданудың арнайы талаптарын белгілейді. Іс жүзінде бұл Astana Hub қатысушысына өзінің қызметі жалпы алғанда рұқсат етілген қызметтің басым түріне жататынын анықтау енді жеткіліксіз екенін білдіреді. Қосымша сұрақ туындайды: нақты кірістің құқықтық және экономикалық сипаты қандай?
Бұл мәселе бір мезгілде бағдарламалық қамтылымды әзірлеумен, түрлендірумен және сүйемелдеумен, лицензиялар берумен, SaaS-сервистер ұсынумен, тестілеумен және бағдарламалық қамтылымға байланысты өзге де жұмыстарды орындаумен және қызметтерді көрсетумен айналысатын IT-компаниялар үшін ерекше өзекті.
Салық кодексінің 739-бабы Astana Hub қатысушылары үшін корпоративтік табыс салығын азайтудың жалпы тетігін қалыптастырады. Осы тетік шеңберінде зияткерлік меншік объектілерінен түсетін кірістер, ақпараттандыру саласындағы белгілі бір қызметтерден түсетін кірістер, сондай-ақ қатысушының алғашқы екі санатқа жатпайтын өзге де кірістері бөлек реттеледі. Осылайша, салықтық жеңілдікті қолдану тәртібін айқындау кезінде кірісті дәйекті түрде талдаған орынды.
Бірінші санат – зияткерлік меншік объектілерінен түсетін кірістер. Оларға Салық кодексінің 740-бабында көзделген арнайы тәртіп қолданылады. Мұндай кірістерге, атап айтқанда, зияткерлік меншік объектілерін өткізуден, зияткерлік меншік объектісі бар тауарларды өткізуден түсетін кірістер, роялти, құқықтарды бұзғаны үшін жекелеген өтемақылар, сондай-ақ зияткерлік меншік объектілерін пайдалануға байланысты өзге де кірістер жатады. Бұл ретте қатысушыда тиісті зияткерлік меншік объектісіне айрықша мүліктік құқықтардың болуы негізгі шарт болып табылады.
Екінші санат – Салық кодексінің 741-бабында көзделген ақпараттандыру саласындағы қызметтерді көрсетуден түсетін кірістер. Заң шығарушы бұл санат үшін қызметкерлер санына, олардың біліктілігіне, еңбек өтіліне және (немесе) тәжірибесіне, сондай-ақ тиісті қызметтерді көрсету үшін қажетті шығыстарға қатысты қосымша талаптар белгіледі. Осы талаптардың сақталуын растау үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2025 жылғы 27 қарашадағы № 599/НҚ бұйрығымен 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген арнайы Қағидалар бекітілді.
Үшінші санат – алғашқы екі санатқа жатпайтын Astana Hub қатысушысының өзге кірістері. Бұл үшінші санаттың болуы маңызды практикалық мәнге ие. IT-компанияның әрбір кірісі міндетті түрде 740-бап бойынша зияткерлік меншік объектісінен түсетін кіріс не 741-бап бойынша ақпараттандыру саласындағы қызметтерден түсетін кіріс ретінде саралануға тиіс емес.
Бір қарағанда, егер IT-компания қызметінің нәтижесі бағдарламалық қамтылымды немесе оның жекелеген элементтерін әзірлеу болса, алынған кіріс автоматты түрде 740-бапқа жатады деп пайымдауға болады. Алайда мұндай тәсіл тым жеңілдетілген болуы мүмкін. 740-бап тиісті режимді құқық иеленушінің зияткерлік меншік объектісіне айрықша мүліктік құқықтарының болуымен байланыстырады. Сондықтан бағдарламалық қамтылымның немесе әзірлеудің өзге де қорғалатын нәтижесінің жасалу фактісінің өзі жеткіліксіз. Шарттық және құқықтық тізбекті талдау қажет: жасалған нәтиженің құқық иеленушісі кім, тиісті құқықтар қашан туындайды, олар кімге тиесілі және кейіннен тапсырыс берушіге берілуі көзделген бе. Мысалы, шартта тапсырыс берушінің техникалық тапсырмасы бойынша бағдарламалық қамтылымды әзірлеу көзделуі мүмкін, бұл ретте нәтижеге айрықша мүліктік құқықтар тікелей тапсырыс берушіге тиесілі болады. Басқа жағдайда құқықтар бастапқыда әзірлеушіге тиесілі болып, кейіннен клиентке беріледі. Әзірлеу процесі сырттай ұқсас болғанымен, алынатын кірістердің құқықтық және салықтық саралануы әртүрлі болуы ықтимал.
Бағдарламаның мемлекеттік тіркелуінің болмауы өздігінен авторлық құқықтың жоқ екенін білдірмейді. Қазақстан Республикасының «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңында компьютерлік бағдарламалар (бағдарламалық қамтылым) авторлық құқық объектілері болып табылатыны белгіленген. Құқықтық қорғау кез келген тілде және кез келген нысанда көрсетілуі мүмкін компьютерлік бағдарламалардың барлық түрлеріне, соның ішінде бастапқы мәтін мен объектілік кодқа қолданылады. Бұдан бөлек, авторлық құқық туындының жасалу фактісіне байланысты туындайды. Оның туындауы және жүзеге асырылуы үшін туындыны тіркеу, өзге де арнайы ресімдеу немесе қандай да бір формальдылықтарды сақтау талап етілмейді. Демек, 740-баптың қолданылуын талдау кезінде авторлық құқық объектісін тіркеу туралы куәліктің болуы ғана емес, ең алдымен тиісті нәтижеге айрықша мүліктік құқықтардың туындауы және кімге тиесілі екені маңызды.
Тағы бір маңызды мәселе бағдарламалық қамтылымды әзірлеу мен түрлендіруді Салық кодексінің 741-бабымен реттелетін жекелеген қызметтерден ажырату кезінде туындайды. Күнделікті IT-практикада development, customisation, adaptation, modification және refinement ұғымдары едәуір еркін қолданылуы мүмкін. Алайда авторлық құқық туралы заңнама жекелеген ұғымдардың аражігін нақты ажыратады. Қазақстан Республикасының «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңы компьютерлік бағдарламаны бейімдеуді бағдарламалық қамтылымға тек пайдаланушының нақты техникалық құралдарында немесе пайдаланушының нақты бағдарламаларын басқару арқылы оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында өзгерістер енгізу ретінде айқындайды.
Өз кезегінде, түрлендіру (қайта өңдеу) деп компьютерлік бағдарламаға бейімдеу болып табылмайтын кез келген өзгерістер енгізу танылады. Бұл ажыратудың маңызды практикалық мәні бар. Мысалы, жаңа бағдарламалық модульді, функционалды, пайдаланушы интерфейсін әзірлеу немесе қолданыстағы бағдарламаның бизнес-логикасын өзгерту тек өзгерістер бұрыннан бар бағдарламалық қамтылымға енгізілетіндіктен автоматты түрде «бейімдеу» деп сараланбауға тиіс. Бұдан бөлек, авторлық құқық туралы заңнама туынды шығармаларды, оның ішінде қайта өңделген туындыларды қорғауды жеке көздейді. Сондықтан енгізілетін өзгерістердің сипатына қарай қолданыстағы бағдарламалық қамтылымды түрлендіру нәтижесі де зияткерлік қызмет нәтижесіне құқықтардың туындауы және кімге тиесілі екені тұрғысынан жеке талдауды талап етуі мүмкін. Осылайша, салықтық саралау мақсатында шартта тараптар қолданған терминологияны ғана емес, орындалатын жұмыстардың нақты мазмұнын талдау қажет.
741-бапта аталған қызметтерге тән жекелеген әрекеттер бағдарламалық қамтылымды әзірлеудің неғұрлым кең процесінің технологиялық кезеңдері болған кезде одан да қызықты жағдай туындайды. Қазіргі заманғы әзірлеу циклі, әдетте, өзара байланысты процестер жиынтығын қамтиды: жобалау, әзірлеу, тестілеу, анықталған кемшіліктерді жою, интеграциялау және кейіннен пысықтау. Алайда әзірлеушінің өзі жасайтын немесе түрлендіретін бағдарламалық қамтылымды тестілеу фактісінің өзі тапсырыс берушіге бағдарламалық қамтылымды тестілеу жөніндегі дербес қызмет көрсетіліп жатқанын міндетті түрде білдірмейді.
Біздің ойымызша, мұнда кемінде екі жағдайды ажырату қажет.
Бірінші жағдайда тапсырыс беруші қолданыстағы бағдарламалық қамтылымды тестілеу жөніндегі дербес қызметті сатып алады. Мұндай қызмет шартта немесе техникалық тапсырмада көзделеді және тапсырыс беруші үшін дербес нәтиже болып табылады.
Екінші жағдайда тестілеуді әзірлеуші бағдарламалық қамтылымды жасау немесе түрлендіру процесінің құрамдас бөлігі ретінде орындайды. Тапсырыс беруші әзірлеудің түпкілікті нәтижесін сатып алады, ал тестілеу бөлек тарифтелмейді, дербес нәтиже ретінде қабылданбайды және өткізудің жеке нысанасы болып табылмайды.
Осы екі модельді автоматты түрде теңестіру әзірлеудің біртұтас процесін жекелеген қызметтерге жасанды түрде бөлшектеуге әкелуі мүмкін. Осыған ұқсас талдау кешенді IT-жоба шеңберінде орындалатын бейімдеуге, баптауға, техникалық қолдауға және өзге де әрекеттерге қатысты қажет болуы ықтимал.
Көрсетілген санаттардың аражігін ажырату тек теориялық мәселе болудан қалды. 741-баптың қолданылу аясына кіретін ақпараттандыру саласындағы қызметтерден түсетін кірістер үшін заң шығарушы корпоративтік табыс салығын азайтуды қолданудың арнайы талаптарын көздеді. Бұдан бөлек, № 599/НҚ бұйрығымен бекітілген Қағидалар қатысушының осындай талаптарға сәйкестігін растаудың арнайы тәртібін белгілейді. Атап айтқанда, тиісті қызметтерді көрсету үшін қажетті қызметкерлер, олардың біліктілігі, еңбек өтілі және (немесе) тәжірибесі, сондай-ақ қатысушының жұмсаған шығыстары туралы мәліметтер расталуға тиіс. Демек, кешенді әзірлеуді жекелеген қызметтердің жиынтығы ретінде қате саралау нақты практикалық салдарға әкелуі мүмкін. Компанияда іс жүзінде біртұтас әзірлеу жобасынан қалыптасатын кіріске қатысты қызметкерлерді, олардың біліктілігін және шығыстардың тиісті көлемін растау қажеттілігі туындауы ықтимал. Екінші жағынан, тестілеудің, баптаудың немесе өзге операцияның құнын жалпы сыйақыдан бөліп көрсету мүмкіндігінің болмауы өздігінен салықтық саралауды айқындайтын жалғыз дәлел болмауға тиіс. Ең алдымен тапсырыс берушіге нақты не өткізілетінін анықтау қажет.
Жаңа қағидалар IT-компанияның шарттық құжаттамасының мазмұны қаншалықты маңызды бола түсетінін тағы да көрсетеді. «IT-қызметтер», «әзірлеу және сүйемелдеу», «техникалық қызметтер» немесе «бағдарламалық қамтылымды пысықтау» тәрізді тұжырымдар өздігінен кірісті салықтық саралау үшін жеткіліксіз болуы мүмкін.
Талдау кезінде мыналарды анықтау қажет:
- орындаушы нақты нені жасауға немесе орындауға тиіс;
- тапсырыс беруші үшін түпкілікті нәтиже не болып табылады;
- зияткерлік меншіктің жаңа объектісі жасала ма немесе қолданыстағысы түрлендіріле ме;
- нәтижеге айрықша мүліктік құқықтар кімге тиесілі;
- мұндай құқықтарды тапсырыс берушіге беру көзделген бе;
- тестілеу, бейімдеу, баптау немесе техникалық қолдау дербес қызметтер болып табыла ма әлде біртұтас әзірлеу процесінің элементтері ме;
- мұндай қызметтер үшін бөлек сыйақы көзделген бе;
- тиісті нәтиже техникалық тапсырмаларда, актілерде және өзге де бастапқы құжаттамада қалай көрсетіледі.
Шарттың, техникалық тапсырманың, орындалған жұмыстар актісінің және компанияның нақты бизнес-моделінің бір-біріне қайшы келмеуі ерекше маңызды.
Жаңа жүйе компанияның әрбір IT-жобаны әзірлеу, тестілеу, баптау, техникалық қолдау және басқа да құрамдастарға жасанды түрде бөлуі қажет дегенді білдірмейді. Керісінше, талдаудың бастапқы нүктесі өткізудің нақты нысанасы және операцияның экономикалық мазмұны болуға тиіс. Егер компания өзіне тиесілі зияткерлік меншік объектісінен кіріс алса, 740-баптың талаптарын талдап, тиісті айрықша мүліктік құқықтарды құжатпен растау қажет. Егер өткізу нысанасы 741-бапта көзделген дербес қызметтер болса, осы баптың арнайы талаптарын және оларға сәйкестікті растаудың белгіленген тәртібін ескеру қажет. Егер кіріс бірінші де, екінші де санатқа жатпаса, оны зияткерлік меншік объектісінен түсетін кірістерге немесе ақпараттандыру саласындағы жекелеген қызметтерге жасанды түрде жатқызуға тырыспай, 739-баптың жалпы тетігі шеңберінде саралау мүмкіндігін қарастырған жөн.
2026 жылғы өзгерістер Astana Hub қатысушылары қызметінің салықтық талдауын мазмұндырақ етеді. Енді «Компания IT-қызметпен айналыса ма?» деген сұраққа жауап беру жеткіліксіз.
Келесі сұрақ әлдеқайда күрделі: «Компания құқықтық және экономикалық тұрғыдан нақты не үшін кіріс алады?»
Жауап шарттың бірнеше ережесіне байланысты болуы мүмкін: әзірлеудің нәтижесі не болып табылады, мұндай нәтижеге айрықша мүліктік құқықтар кімге тиесілі, оларды тапсырыс берушіге беру көзделген бе, сондай-ақ тестілеу, бейімдеу, баптау немесе техникалық қолдау дербес қызметтер ме әлде біртұтас әзірлеу процесінің құрамдас элементтері ме. Сондықтан Салық кодексінің 739–741-баптарын оқшау емес, біртұтас жүйе ретінде және зияткерлік меншік туралы заңнамамен өзара байланыста қарастырған орынды. Жаңа нормаларды қолдану практикасы қалыптасқан сайын күрделі және аралас IT-модельдерге бірыңғай тәсілдерді әзірлеу ерекше маңызды бола түседі. Бұл Astana Hub қатысушыларына қолданылатын салық режимін дұрыс айқындап қана қоймай, шарттық, бастапқы және есепке алу құжаттамасын олардың қызметінің нақты мазмұнын дәйекті түрде көрсететіндей етіп алдын ала қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Егер сізге Astana Hub талаптарына сәйкестікті тексеру қажет болса, біздің командаға хабарласыңыз
Сұрауыңызды өңдеу үшін, пішінді мүмкіндігінше толық толтырып, толтырылған сауалнаманы қоса беріңіз. Біз сізбен хабарласамыз.
Сауалнаманы жүктеп алыңыз:
Келісілген рәсімдер бойынша тапсырманы алдын ала жоспарлау сауалнамасы
"*" indicates required fields



