Қазақстан Республикасының Үкіметі биржада сауда жүргізу кезінде қолданылатын бағалы қағаздардың өтімділік критерийлерін бекітті. Олар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Осыған сәйкес 2025 жылғы 2 қазандағы № 818 Үкімет қаулысы қабылданды.

Қаулы компанияларды белсенді саудаға тартуға, бағалы қағаздар ұсынысын кеңейтуге және IPO өткізу арқылы Қазақстан қор нарығының өтімділігін дамыту мен нығайтуға бағытталған.

Құжатта бағалы қағаздардың өтімділік критерийлері белгіленген, олардың негізінде дивидендтер мен сыйақыларға салықтық жеңілдіктер қолданылады.

Өтімділік критерийлері

Биржада бағалы қағаздармен сауда жүргізген кезде (пайлық инвестициялық қорлардың пайлары мен қарыздық бағалы қағаздардан басқа) келесі критерийлер бір мезгілде сақталуы тиіс:

  1. Қазақстан аумағында жұмыс істейтін биржаларда бағалы қағаздар бойынша орындалған мәмілелердің жалпы көлемі кемінде 25 млн теңге болуы тиіс;
  2. Қазақстан аумағындағы биржаларда бағалы қағаздар бойынша орындалған мәмілелердің саны кемінде 50 мәміле болуы тиіс;
  3. Бағалы қағаздар IPO (Initial Public Offering) немесе SPO (Secondary Public Offering) арқылы орналастырылған болуы немесе еркін айналымдағы бағалы қағаздар саны барлық шығарылған бағалы қағаздардың жалпы санының кемінде 10 %-ын құрауы тиіс (эмитент қайта сатып алғандарын шегергенде).

Қазақстан аумағындағы биржаларда пайлық инвестициялық қорлардың пайларымен сауда жасағандакелесі критерийлер бір мезгілде сақталуы тиіс:

  1. пайлармен жасалған мәмілелердің көлемі кемінде 20 млн теңге болуы тиіс;
  2. пайлармен жасалған мәмілелердің саны кемінде 10 мәміле болуы тиіс;
  3. Қазақстандағы биржаларда қарыздық бағалы қағаздармен бір шығарылым шегінде сауда жүргізген кезде, Салық кодексінің 681-бабының 7) тармақшасын қолдану мақсатында, ашық сауда әдісімен орналастырылған және айналымда тұрған бағалы қағаздардың көлемі кемінде 1 млрд теңге болуы тиіс.

Ескертпе

Еркін айналымдағы бағалы қағаздардың санын есептеу кезінде, эмитент қайта сатып алғандарын шегергендегі жалпы шығарылған бағалы қағаздар санынан келесі иеліктер шығарылады (есепке алынбайды):

  • мемлекетке тиесілі бағалы қағаздар;
  • эмитенттің лауазымды тұлғалары мен олардың жақын туыстарына тиесілі бағалы қағаздар;
  • эмитенттің лауазымды тұлғалары немесе олардың туыстары ірі акционер немесе үлес иесі болып табылатын және (немесе) лауазымды тұлға қызметін атқаратын заңды тұлғалардағы бағалы қағаздар;
  • эмитенттің ірі акционерлері мен олардың жақын туыстары ірі акционер немесе үлес иесі болып табылатын және (немесе) лауазымды тұлға қызметін атқаратын заңды тұлғалардағы бағалы қағаздар;
  • эмитенттің және оның ірі акционерлерінің еншілес ұйымдарына тиесілі бағалы қағаздар;
  • эмитент шығарған бағалы қағаздардың 10 % немесе одан көп үлесіне ие тұлғаларға тиесілі бағалы қағаздар (эмитент қайта сатып алғандарын шегергенде).

Uchet.kz материалдары негізінде