2026 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Салық кодексінде әлеуметтік салықты есептеу және төлеу тәртібіне өзгерістер көзделген.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛЫҚ ТӨЛЕУШІЛЕР

Әлеуметтік салық төлеушілерге мыналар жатады:

  1. жеке кәсіпкерлер;
  2. жеке практикамен айналысатын тұлғалар;
  3. Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғалары және олардың құрылымдық бөлімшелері;
  4. Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметін жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар;
  5. тұрақты мекеме құрылуына әкеп соқпайтын құрылымдық бөлімше арқылы қызметін жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар.

2026 жылдан бастап әлеуметтік салық төлеушілер болып табылмайды:

  1. арнаулы салық режимдерін қолданатын тұлғалар: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін; оңайлатылған декларация негізіндегі режим; шаруа немесе фермер қожалықтары үшін;
  2. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес мүгедектігі бар адамдардың мамандандырылған ұйымдары.

САЛЫҚ САЛУ ОБЪЕКТІСІН АЙҚЫНДАУ ТӘРТІБІ

Егер салық салу объектісінің мөлшері 14 АЕК-тен (60 550 теңге, 2026 жылғы АЕК — 4 325 теңге) аз болса, ол бұрынғыдай 14 АЕК негізінде айқындалады. Бұл норма табыс есептелген айда қызметкер жұмысқа қабылданған немесе жұмыстан босатылған жағдайларға қолданылмайды.

2026 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК САЛЫҚ МӨЛШЕРЛЕМЕЛЕРІ

2026 жылдан бастап әлеуметтік салықтың келесі мөлшерлемелері қолданылады:

  • бірыңғай мөлшерлеме – 6% (11%-дан төмендетілді);
  • ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеушілер үшін – 1,8%;
  • жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын тұлғалар үшін:
    • өзі үшін – 2 АЕК;
    • әрбір қызметкер үшін – 1 АЕК;
  • шаруа қожалықтары үшін:
    • өзі үшін – 0,6 АЕК;
    • әрбір қызметкер үшін – 0,3 АЕК.

БЮДЖЕТКЕ ТӨЛЕНЕТІН ӘЛЕУМЕТТІК САЛЫҚТЫ ЕСЕПТЕУ ТӘРТІБІ

2026 жылдан бастап есептелген әлеуметтік салық сомасы есептелген әлеуметтік аударымдар сомасына азайтылмайды.

Әлеуметтік салықты төлеу айдың 25-іне дейін жүзеге асырылады. Есептілік есепті тоқсанның қорытындысы бойынша айдың 15-іне дейін салық төлеушінің орналасқан жері бойынша ұсынылады.