Introduction

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2026 жылғы 6 тамыздағы бұйрығымен бухгалтерлік есеп шоттарының Үлгілік жоспарының жаңа редакциясы бекітілді. Өзгерістер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді және жекелеген шоттарды, олардың топтастырылуын және операцияларды қызмет түрлері бойынша есепке алу тәртібін жаңартуды көздейді.

Шоттар жоспарындағы негізгі өзгерістер

Жаңа редакция қолданыстағы құрылымды сақтайды: шоттар бұрынғыдай сегіз бөлімге біріктірілген, ал шоттың нөмірі төрт таңбадан тұрады. Бұл ретте ұйым өз қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып, шоттың соңғы цифрын өз бетінше айқындау мүмкіндігін сақтайды.

Негізгі өзгерістер шоттардың құрамына және жекелеген бөлімдердегі операциялардың бөлінуіне қатысты.

Ең елеулі жаңалықтардың бірі – 1070 «Цифрлық теңге және электрондық ақша қаражаты» шотының енгізілуі. Ол цифрлық теңгемен және электрондық ақшамен жасалатын операцияларды есепке алуға арналған.

Жаңа редакцияда құнсызданудан болатын залалдарға арналған бағалау резервтерін есепке алу үшін де жекелеген шоттар қарастырылған. Атап айтқанда, олар ақша қаражатына, қаржы активтеріне, дебиторлық берешекке, қорларға, негізгі құралдарға және материалдық емес активтерге қатысты қолданылады. Бұл шоттар күтілетін кредиттік залалдар мен активтердің құнсыздануын бөлек көрсетуге мүмкіндік береді.

Сатып алушылармен жасалған шарттарға байланысты шоттардың тізбесі де кеңейтілді. Шоттар жоспарына шарттар бойынша қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді активтер мен міндеттемелерді, сондай-ақ шарттар бойынша шығындар мен олардың амортизациясын есепке алуға арналған жекелеген шоттар енгізілді.

Сонымен қатар, «Активті пайдалану құқығы» шоты негізгі құралдар мен материалдық емес активтер құрамында бөлек қарастырылып, оған амортизация және құнсыздануға арналған резервтер бойынша тиісті шоттар көзделген. Төлемдер бойынша міндеттемелер құрамында жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарына (ЖМЗЖ) арналған жеке шот бөлінді.

Кірістер мен шығыстарды есепке алудағы өзгерістер

6 «Кірістер» және 7 «Шығыстар» бөлімдеріне елеулі өзгерістер енгізілді. Олардың құрылымы операцияларды қызмет түрлері бойынша: операциялық, инвестициялық және қаржылық қызметке жіктеуді ескере отырып қайта қаралды.

Жаңа редакцияға сәйкес 6 «Кірістер» бөлімінің құрылымы мынадай болады:

  • 6000 Операциялық кірістер;
  • 6100 Өзге операциялық кірістер;
  • 6200 Инвестициялық қызметтен түсетін кірістер;
  • 6300 Қаржылық қызметтен түсетін кірістер;
  • 6400 Тоқтатылған қызметке байланысты кірістер.

Осыған ұқсас тәсіл 7 «Шығыстар» бөліміне де қолданылды. Онда:

  • 7000 Операциялық шығыстар;
  • 7100 Өзге операциялық шығыстар;
  • 7200 Инвестициялық қызмет бойынша шығыстар;
  • 7300 Қаржылық қызмет бойынша шығыстар;
  • 7400 Тоқтатылған қызметке байланысты шығыстар;
  • 7500 Корпоративтік табыс салығы бойынша шығыстар бөлінді.

Жаңа жоспарға көшуге қалай дайындалу керек

Жаңа редакция тек 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылатынына қарамастан, компанияларға өзгерістердің бухгалтерлік есеп жүйесіне әсерін алдын ала бағалау ұсынылады.

Атап айтқанда, 2026 жылдың соңына дейін:

  • жұмыс шоттар жоспары мен есеп саясатын жаңа редакцияға сәйкестендіру;
  • қолданылатын шоттар корреспонденцияларын тексеру;
  • кірістер мен шығыстарды жіктеудегі өзгерістерді талдау;
  • пайдаланылатын бухгалтерлік есеп бағдарламасының баптауларын тексеру;
  • қалдықтарды жаңа және қайта атауы өзгертілген шоттарға ауыстыру тәртібін айқындау қажет.

Алдын ала дайындық көшу барысында қателердің туындау тәуекелдерін барынша азайтып, 2027 жылдың басынан бастап операциялардың бухгалтерлік есепте дұрыс көрсетілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.