Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстандағы көздерден табыс алатын бейрезиденттердің табыстарына салық салу тәртібі туралы еске салды.
Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 221-бабы 2-тармағына сәйкес, бейрезиденттер Қазақстандағы көздерден алынған табыстардан салық заңнамасында белгіленген тәртіппен салық төлеуге міндетті.
Қазақстан Республикасындағы көздерден алынатын табыстарға жататын бейрезиденттердің табыстарының тізбесі Салық кодексінің 679-бабымен айқындалған.
Егер бейрезидент заңды тұлғаның Қазақстан аумағындағы қызметі тұрақты мекеменің құрылуына әкелмесе, мұндай табыстарға салық салу Салық кодексінің 72-тарауының ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Салық кодексінің 683-бабына сәйкес, мұндай бейрезиденттердің табыстарына шегерімдер жүргізілместен төлем көзінен корпоративтік табыс салығы (КТС) салынады.
Салықты есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару Салық кодексінің 682-бабында көзделген мөлшерлемелерді қолдану арқылы салық агенті тарапынан жүзеге асырылады.
Салықты ұстап қалу:
- есептелген және нақты төленген табыстар бойынша – табыс төленген күннен кешіктірілмей;
- шегерімдерге жатқызылған есептелген, бірақ төленбеген табыстар бойынша – корпоративтік табыс салығы декларациясын тапсыру мерзімінен кешіктірілмей жүргізіледі.
Салық агенті ұсталған салықты:
- есептелген және төленген табыстар бойынша – төлем жүргізілген ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік 25 күннен кешіктірмей;
- шегерімдерге жатқызылған есептелген, бірақ төленбеген табыстар бойынша – КТС декларациясын тапсырудың белгіленген мерзімінен кейін 10 күнтізбелік күннен кешіктірмей;
- аванс (алдын ала төлем) төленген жағдайда – аванс сомасы шегінде бейрезиденттің табысы есептелген ай аяқталғаннан кейін 25 күнтізбелік күннен кешіктірмей;
- тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету кезінде – тиісті міндеттемелер сомасы шегінде бейрезиденттің табысы есептелген ай аяқталғаннан кейін 25 күнтізбелік күннен кешіктірмей аударуға міндетті.
Салық кодексінің 679-бабы 1-тармағының 39) тармақшасында көзделген табыстардың жекелеген түрлері бойынша Салық кодексінің 684-бабында белгіленген арнайы төлеу мерзімдері қолданылады.
Салық агенті бейрезиденттердің табыстарынан төлем көзінен ұсталған КТС бойынша есепті мынадай мерзімдерде ұсынуға міндетті:
- I, II және III тоқсандар үшін – есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей;
- IV тоқсан үшін – есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей.
Қазақстан Республикасында тұрақты мекеменің құрылуына әкелмейтін құрылымдық бөлімше арқылы қызметін жүзеге асыратын бейрезиденттер Салық кодексінің 359-бабында көзделген мерзімдерде орналасқан жері бойынша КТС декларациясын ұсынуға міндетті.
Uchet.kz материалдары негізінде











