Қарыз алу шығындары әлемдік экономикада маңызды рөл атқаратын орта нарық сегментіндегі компаниялар үшін негізгі кедергілердің бірі болып отыр. Бұл шығындар үкіметтер экономикалық өсуді қамтамасыз етуге ұмтылған кезеңде бизнесті кеңейтуге қаржы тарту мүмкіндіктерін шектейді.
Moore Global жүргізген зерттеу сауалнамаға қатысқан компания басшыларының 35%-ы соңғы 12 айда пайыздық мөлшерлемелердің өсуін қаржыландыруға қол жеткізудегі негізгі кедергілердің бірі деп атағанын көрсетті. Қарыз алу шығындарының жоғары болуы және қаржыландыру шарттарының қатаюы компаниялардың қызметіне әсер етуде. Кәсіпорындар бағаны көтеріп, өз қаражатына көбірек сүйеніп, инвестициялық жоспарлары мен қызметкерлерді жалдау көлемін қысқартуда.
Орта нарық сегментіндегі компаниялардың күрделі жағдайы
Орта нарық сегментіндегі компаниялар қаржы нарығының құрылымына байланысты қиындықтарға жиі тап болады. Олар банктердің дәстүрлі кредиттеу талаптарына сәйкес келуде қиындықтарға тап болуы мүмкін, ал көлемі жағынан ашық облигациялар нарығынан тиімді шарттармен қаржы тартуға жеткіліксіз болуы ықтимал.
Шағын бизнеске қарағанда, олардың мамандандырылған кредиттеу бағдарламаларына қол жеткізу мүмкіндіктері де шектеулі болуы мүмкін. Сондықтан көптеген компаниялар жеке капитал нарықтарын және қаржыландырудың басқа да баламалы көздерін қарастыруда.
Компания капиталына тікелей инвестициялар (private equity) және олармен бірге ұсынылуы мүмкін қарыздық қаржыландыру бизнестің өсуін жеделдете алады. Жеке капитал ұсынушылар дәстүрлі банктер бере алмайтын қарыздық және үлестік қаржыландыру түрлерінің үйлесімін де ұсына алады.
Жеке капиталдың рөлі
Жеке капиталдың рөлі өзгеруде: компанияларды сатып алуға бағытталған тәсілден қаржы қаражаты шектеулі болғанымен, қызметі тұрақты кәсіпорындардың қаржыландыру мәселелерін шешуге көмектесетін кеңірек тәсілге көшуде.
Дәстүрлі түрде private equity компанияларды сатып алуды, үлестік және қарыздық қаржыландыруды ұштастыруды және кейіннен инвестордың шығуына дейін бизнестің өсуі арқылы құн қалыптастыруды көздейді. Бұл модель әлі де маңызды, алайда қазіргі қаржыландыру жағдайы жеке капиталдың икемділігін көрсетеді.
«Жеке капитал нақты мәселелерді шешуге көбірек бағытталып келеді», – дейді Moore компаниясының private equity бағыты бойынша жаһандық жетекшісі Кэндис Церемушкин (Candice Czeremuszkin). «Қаржыландыру шығындарының өсуі қарыз жүктемесінің компанияның қолындағы ақша қаражатына, демек, жалпы инвестициялық жобаның тұрақтылығына тікелей әсер етуіне әкеледі.
Сондықтан түсімнің өсуі, рентабельділік, ақша қаражатын қалыптастыру, операциялық қызметтің тиімділігі және басшылықтың жоспарларды іске асыру қабілеті сияқты мәселелер барған сайын маңызды бола түсуде. Дәстүрлі қаржыландыру көздері бизнестің қажеттіліктеріне толық сәйкес келмеген жағдайда, жеке капитал баламалы шешім ұсына алады».
Жеке капитал міндетті түрде банктік қаржыландыруды алмастырмауы керек. Ақша ағындары болжамды және қаржылық жағдайы тұрақты компаниялар үшін банктік кредиттер қолайлы шешім болып қала алады. Ал қосымша қарыз жүктемесін арттырмай, бизнесті дамытуға инвестиция салатын компаниялар үшін үлестік қаржыландыру тиімдірек болуы мүмкін. Жеке капиталдың басқа да нысандары осы екі тәсілдің арасындағы баламаларды ұсына алады.
Сондықтан қаржыландыру стратегиясы бір ғана қаражат көзін іздеуге емес, бизнестің мақсаттарын барынша қолдайтын капитал құрылымын таңдауға негізделеді.
Алдағы жағдай қандай болады?
Moore Global бағалауынша, қатаң ақша-кредит саясаты негізгі мәселелердің бірі болып қала береді. Орталық банктер саясатты жұмсартқан күннің өзінде, дәстүрлі кредиторлар пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге асықпауы мүмкін, ал кредиттеу талаптары қатаң күйінде қалуы ықтимал.
Орта нарық сегментіндегі компаниялар көптеген адамды жұмыспен қамтып, инвестициялар мен еңбек өнімділігінің өсуіне үлес қосады. Қолжетімді қаржыландыруға қол жеткізе алмаса, бұл қызметкерлерді жалдау мен күрделі шығындардың қысқаруына әкелуі мүмкін.
Қарыз қаражатын тарту қымбатқа түседі, алайда инвестицияларды кейінге қалдырудың да өз құны бар. Жеке капитал компанияларға қолайлы қаржыландыру құрылымын таңдауға және бизнестің өсуін жалғастыруға көмектесе алады.
Бұл мақала Moore Global түпнұсқа жарияланымының қысқартылған нұсқасы болып табылады.
Толық мақаланы Moore Global сайтынан оқыңыз: https://www.moore-global.com/intelligence/private-capital-to-beat-high-borrowing-costs/
Moore Intelligence қазіргі замандағы бизнестің негізгі мәселелерін шешіп жүрген көшбасшылардан өзекті ақпарат ұсынады. Толығырақ білу үшін Moore Intelligence платформасына кіріңіз.










