Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын және оған қатысты түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады. Бұл құжат елімізде алғаш рет жасанды интеллект ұғымын айқындап, оны қолдануды реттейді.

Жаңа ұғымдар және құқықтық негіздер 

Заң жобасында «жасанды интеллект», «модель», «жүйе», «деректер кітапханасы», «синтетикалық нәтиже» сияқты жаңа заңдық ұғымдар енгізілді. Сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын пайдалану бойынша құқықтық және ұйымдастырушылық негіздер, ашықтық пен қауіпсіздік шаралары, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда қолдану ерекшеліктері белгіленді.

Құжат жасанды интеллект саласындағы барлық қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін реттейді. Жүйе иелері өз өнімдерін пайдалану шарттарын белгілеп, құқықтарын қорғап, тәуекелдерді басқара алады. Ал пайдаланушылардың жеке деректерін қорғау, жасанды интеллекттің жұмысы туралы ақпарат алу және автоматтандырылған шешімдерге шағымдану құқығы қамтамасыз етіледі.

Ұлттық платформа және қолдау шаралары 

Маңызды жаңалықтардың бірі – Жасанды интеллекттің ұлттық платформасын құру. Бұл бірыңғай инфрақұрылым әзірлеушілерге құралдар мен жасанды интеллект модельдерін оқытуға арналған деректер кітапханаларына қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

Заң жобасында сондай-ақ мемлекеттік қолдау қарастырылған: зерттеулер мен әзірлемелерді қаржыландыру, білім беру бағдарламаларын енгізу, халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Мұның барлығы Қазақстанға бәсекеге қабілетті әрі қауіпсіз жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Контентті таңбалау және авторлық құқық 

Жасанды интеллект көмегімен жасалған синтетикалық контентті міндетті түрде таңбалау енгізіледі. Бұл таңбалау машинада оқылатын түрде және визуалды ескертпелер арқылы берілуі тиіс. Мұндай шаралар қоғамның сенімін арттырып, теріс пайдалану қаупін азайтады.

Авторлық құқық саласында да өзгерістер бар: тек жасанды интеллект жасаған, адам шығармашылығы араласпаған жұмыстар заңмен қорғалмайды. Алайда пайдаланушылардың шығармашылық сұраныстары (промпттар) авторлық құқық объектісі ретінде танылуы мүмкін. Ғылыми еңбектер мен шығармаларды жасанды интеллектті оқыту үшін пайдалану автор тарапынан машинада оқылатын тыйым болмаған жағдайда ғана рұқсат етіледі.

Жауапкершілік және азаматтарды қорғау 

Заң жобасында жасанды интеллект жүйелерінің келтірген зияны үшін өтемақы қарастырылған. Мұндай жағдайда жауапкершілік жүйе иелері мен операторларына жүктеледі. Қазірше жауапкершілікті сақтандыру ерікті түрде ұсынылады, бірақ ол азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызды құралы ретінде қарастырылады.

Қабылданған нормалар халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және Қазақстанда жасанды интеллект саласында қауіпсіз, ашық әрі тиімді реттеу жүйесін құрудың негізі болуы тиіс.

Келесі қадамдар 

Жасанды интеллект туралы заң жобасы енді Сенаттың қарауына берілді. Егер жоғарғы палата мақұлдаса, құжат Президенттің қол қоюына жіберіледі.

Uchet.kz материалдары негізінде