Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар бастамаларды қарастыруда. Ықтимал өзгерістерді талқылау үшін мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен жұмыс тобы құрылды.
Барлық ұсыныстар қазіргі уақытта талқылану сатысында. Зейнетақы жүйесін одан әрі реформалау мәселелері бойынша түпкілікті шешімдер қаржылық тұрақтылықты, әлеуметтік тиімділікті және азаматтар үшін ықтимал салдарларды жан-жақты бағалау нәтижелері бойынша қабылданатын болады.
Қарастырылып жатқан бастамалардың қатарында:
- Әлеуметтік зейнетақы төлемін енгізу. Оның мөлшері азаматтың орташа айлық табысының медианалық жалақыға қатынасына және еңбек өтіліне байланысты айқындалмақ. Ұсынылып отырған модель ынтымақтастық қағидаттарын күшейтуге және зейнетақы төлемдерінің болжамдылығын арттыруға бағытталған.
- Жұмыс берушілердің зейнетақы жарналары құрылымын өзгерту. Жарналардың 4%-ын азаматтың жеке зейнетақы шотына, ал 1%-ын ынтымақты (сақтандыру) құрамдас бөлікке бағыттау ұсынылуда. Бұл тәсіл ұзақ мерзімді перспективада зейнетақы төлемдерінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
- Зейнетке шығу шарттарының бірі ретінде міндетті 40 жылдық еңбек өтілін белгілеу. Осы межеден асқан бюджеттік сала қызметкерлері үшін зейнетке шығу мерзімін икемді түрде айқындау мүмкіндігі қарастырылуда.
Сонымен қатар, Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандыруды жақсартуға бағытталған бірқатар шаралар қазірдің өзінде іске асырылуда:
- 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық және ынтымақты зейнетақылар 10%-ға индекстелді;
- базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 110%-ынан 118%-ына дейін ұлғайтылды, ал 2027 жылы оны 120%-ға дейін арттыру жоспарлануда;
- жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда: 2026 жылы мөлшерлеме қызметкер табысының 3,5%-ын құрайды және 2028 жылға қарай 5%-ға дейін жеткізіледі.
Uchet.kz материалдары негізінде











