Қазақстанда қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл (АЖ/ТҚҚ) саласындағы тәуекел деңгейін бағалау критерийлері жаңартылды.
Өзгерістер Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі Төрағасының 2026 жылғы 5 қаңтардағы № 1 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 6 қаңтардағы № 1 бірлескен бұйрығымен бекітілді.
Құжат 2026 жылғы 23 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Бұйрық АЖ/ТҚҚ және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң аясында әзірленіп, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкестендірілген.
БАҚЫЛАУ СУБЪЕКТІЛЕРІ
Бақылау субъектілеріне, оның ішінде, мыналар жатады:
- бухгалтерлік ұйымдар мен кәсіби бухгалтерлер;
- заң консультанттары және заң мәселелері бойынша тәуелсіз мамандар;
- лицензиясыз лизинг қызметін жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлер мен компаниялар;
- жылжымайтын мүлік мәмілелері бойынша делдалдар;
- қымбат металдар, асыл тастар және зергерлік бұйымдар нарығының қатысушылары;
- ұялы байланыс операторлары;
- «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы;
- Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.
ТӘУЕКЕЛДІ БАҒАЛАУ ТӘРТІБІ
Тәуекел деңгейін бағалау екі кезеңде жүргізіледі:
- субъектінің қызмет саласын ескере отырып, объективті критерийлер бойынша;
- нақты субъектінің қызмет нәтижелеріне негізделген субъективті критерийлер бойынша.
Бағалау нәтижесінде келесі тәуекел деңгейлерінің бірі айқындалады:
- жоғары – 71-ден 100 балға дейін;
- орташа – 31-ден 70 балға дейін;
- төмен – 0-ден 30 балға дейін.
ТӘУЕКЕЛ ДЕҢГЕЙЛЕРІ БОЙЫНША ЖІКТЕУ
Объективті критерийлер бойынша жоғары тәуекел деңгейіне мыналар жатады:
- қымбат металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдармен жұмыс істейтін субъектілер;
- ұялы байланыс операторлары;
- Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.
Орташа тәуекел деңгейіне:
- бухгалтерлік ұйымдар мен кәсіби бухгалтерлер;
- лицензиясыз лизинг берушілер;
- клиенттердің ақша қаражаты мен мүлкіне қатысты операцияларға қатысатын заң консультанттары;
- жылжымайтын мүлік нарығындағы делдалдар;
- қымбат металдар мен асыл тастар айналымына қатысушылар жатады.
Төмен тәуекел деңгейіне:
- жекелеген операциялар бойынша заң мәселелері жөніндегі тәуелсіз мамандар жатады.
ТӘУЕКЕЛ ДЕҢГЕЙІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ БАҚЫЛАУ ШАРАЛАРЫ
Жоғары және орташа тәуекел деңгейіндегі субъектілерге қатысты:
- бару арқылы профилактикалық бақылау;
- барусыз профилактикалық бақылау;
- жоспардан тыс тексерулер жүргізілуі мүмкін.
Төмен тәуекел деңгейіндегі субъектілерге қатысты:
- барусыз профилактикалық бақылау;
- жоспардан тыс тексерулер жүргізілуі мүмкін.
Бұл ретте бару арқылы профилактикалық бақылау жылына екі реттен жиі жүргізілмейді.
ТӘУЕКЕЛДІ БАҒАЛАУ КЕЗІНДЕ ЕСКЕРІЛЕТІН ФАКТОРЛАР
Бағалау барысында:
- субъект ұсынатын есептілік пен мәліметтер;
- бұрын жүргізілген тексерулер мен профилактикалық бақылау нәтижелері;
- мемлекеттік органдардың ақпараты;
- барусыз профилактикалық бақылау қорытындылары талданады.
Кемінде бір өрескел бұзушылық анықталған жағдайда, субъектке автоматты түрде ең жоғары тәуекел деңгейі беріледі және ол бару арқылы профилактикалық бақылау жоспарына енгізіледі.
Бұрын анықталған бұзушылықтарды толық жойған субъектілер келесі кезеңдегі бақылау тізімдеріне енгізілмейді.
ТӘУЕКЕЛДЕРДІ БАҒАЛАУДЫ АВТОМАТТАНДЫРУ
Тәуекелдерді бағалау және басқару ақпараттық жүйені пайдалану арқылы жүзеге асырылатын болады, ол автоматты түрде:
- субъектілерді тәуекел деңгейлері бойынша бөледі;
- бақылау жүргізуге арналған тізімдерді қалыптастырады.
Мұндай жүйе болмаған жағдайда тексеруге жататын субъектілердің саны олардың жалпы санының 5%-ынан аспауға тиіс.
Uchet.kz материалдары негізінде












